ШҚО-да туризм басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының туризм басқармасын Ержан Сембинов басқаратын болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Тиісті шешім облыс әкімдігінің отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен қабылданды.
Аймақты және мемлекеттік басқару құрылымын жақсы білетін маманның тағайындалуы облыста туризм саласын белсенді дамыту міндетімен сәйкес келеді. Шығыс Қазақстан – ел ішіндегі және шетелден келетін туризмнің басты бағыттарының бірі. Мұнда инфрақұрылымды жаңғырту мен инвестиция тарту басты назарда тұр.
Ержан Сембинов – Ұлан ауданы Горняк ауылынан шыққан. Орталық Азия университетінің түлегі, экономика мамандығы және құқықтану бакалавры біліктілігіне ие. Еңбек жолында орталық мемлекеттік органдардағы қызметтерден бастап, жергілікті атқарушы биліктегі басшылық лауазымдарға дейін түрлі қызметтер атқарған.
Бұған дейін ол ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер министрлігіне қарасты «Кеден транссервис» РМК директоры, Риддер қаласы әкімінің аппаратына жетекшілік еткен, сондай-ақ облыс әкімінің аппаратының сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінде, туризм, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат басқармаларында еңбек еткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысының жұмылдыру дайындығы басқармасында басшы ауысқан еді.