ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында түрмеге дрон арқылы есірткі кіргізілмек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ОВ 156/20 түзету мекемесінің қызметкерлері смартфондар және скотчпен оралған түйіншек салынған дронды тапқан.
Дрон колония маңындағы бос тұрған ескі ғимараттың ішінен табылды. Белгілі болғандай, кім екендері әлі анықталмаған тәртіп бұзушылар осы ғимаратқа тығылып, түрме аумағына дронның көмегімен тыйым салынған заттарды тастауға дайындалған. Алайда қызметкерлерді байқаған олар өз аппараттарын алуға үлгермей қашып кетті.
«Аталған факті бойынша Өскемен қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Түйіншекті ашу кезінде есірткіге ұқсас зат шықты. Сондай-ақ екі смартфон және басқару пульті бар дрон табылды. Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалған», - дейді департаменттің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.