ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталған азамат Абайдың суретін салып, өлеңін жатқа оқыды.
№16 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан ол аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жиырма жылға бас бостандығынан айырылған. Оның айтуынша, шығармашылықпен бала кезінен айналысқан. Әсіресе, сурет салғанды жақсы көрді. Еркіндіктен айырылған сәттің алғашқы күндерінен-ақ қолына қарындаш алып түрлі сурет сала бастаған.
«Абай Құнанбайұлының өлеңдері есімнен еш уақытта шықпайды. Бірақ, оның әр сөзінің даналықпен айтылғанын енді ғана түсінгендеймін. Ұлы ақынның туған күні қарсаңында оның портретін салуды жөн көрдім. Осындай суретке қарапайым қарындаш қана керек болды», - дейді сотталған.
Осы ретте, мекеме психологі Чинара Ибраева бейнелеу өнері сотталғандардың жеке тұлғасын, шығармашылық әлеуетін дамытудың тиімді әдістерінің бірі екенін атап өтті.