ШҚО-да улы газды анықтайтын датчиктердің арқасында 29 адам құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында улы газды анықтайтын датчиктердің арқасында 29 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көп жағдайда пеш пайдалану кезінде қарапайым ережелердің сақталмауы салдарынан өңір тұрғындарына иіс тиіп жатады. Жыл басынан бері аймақта 9 адам осылай зардап шеккен.

Оқиғаның барлығы тұрғындар ұйықтап жатқан кезде болды. Сондықтан улы газды анықтайтын датчикті қолдану – қорғанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Соңғы үш жылда облыс халқының үйлеріне орнатылған датчиктер 29 азаматтың, оның ішінде 23 баланың өмірін сақтап қалған.

Мәселен, биыл Глубокое ауданының Белоусовка ауылында үйде өрт шықты. Үй иесі түтінді байқаған кезде бақшада болған еді. Ол лезде 6 баласы ұйықтап жатқан үйге қарай жүгірді. Ал бұған дейін құтқарушылар орнатқан датчиктің дыбысын естіген 3 бала оянып кетіпті. Олар анасымен бірге қалғандарын тұрғызып, жанып жатқан үйден шығып үлгерді.

Ұлан ауданы Таврия ауылында екі жыл бұрын датчик 5 баланы құтқарып қалған. Үйде көміртегі газы байқалған кезде датчик дабыл қағады. Осылайша, отбасы мүшелері дер кезінде далаға шыққан.

«Жыл сайын мүгедектер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты қарттар үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылыту маусымында 3000-нан астам отбасын датчикпен қамтамасыз етеміз», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.