ШҚО-да «Үш жол» шығармашылық клубының мүшелері жаңа туындыларын ұсынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Үш жол» шығармашылық клубының мүшелері жаңа туындыларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Өнер музейінде «Үш жол» шығармашылық клубының бесінші жиналысы өтті. Оған суретшілер, жазушылар, сәулетшілер және қолданбалы өнер шеберлері қатысып, өздерінің жаңа жұмыстары туралы бейне және фото-презентация жасады.

«Клубтың жетекшісі, ақын Лариса Мартынова өзінің соңғы туындыларын ұсынды, ал Евгения Мостовая авторлық кәдесый өнімдерін әкелді. Дәстүр бойынша клуб жиналысына белгілі кәсіби суретшілер қатысты. Бұл күні музейге Болат Исин мен Сергей Шупляк келді. Сондай-ақ мәскеулік суретші Валерий Колесов қатысып, өзінің шығармашылығы мен Шығыс Қазақстан бойынша жасаған саяхаттары туралы айтып берді», - делінген Өнер музейі таратқан ақпаратта.

Басқосуда музыканттар мен ақындар аз болған жоқ. Жиналғандар Есенбол Нақтыбай мен Гүлнар Перкованың орындауындағы қазақ халық әндерін, қазақ және орыс тілдеріндегі авторлық өлеңдерді тыңдады. Шараны суретші Мәди Қайырханның шеберлік-сабағы аяқтады.

«Үш жол» шығармашылық клубы көпшілік арасында біртіндеп танымал болып келеді. 3 желтоқсанда өтетін келесі жиналыста суретші Ольга Полторанинаның әртүрлі туындыларымен бағалаймыз. Жиналыстың бірінші бөлімінде біз әрдайым клубтың жаңа мүшелерімен танысамыз. Бос уақытын шығармашылыққа арнайтын кез келген жанды қатарымызға шақырамыз. Клуб – бұл өз талантын паш етуге, өнер туындыларын сатуға, өз шеберлігін арттыруға, әділ сын естуге тамаша мүмкіндік», - дейді клуб жетекшісі Лариса Мартынова.