ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында үйі өртеніп жатқанда әкімдікке келіп қызметкерлерді боқтай жөнелген адам 15 күнге қамалды.
Шемонаиха аудандық сотында қаралған іс материалдарынан белгілі болғандай, ауыл тұрғынының үйінде өрт шыққан. Отпен әуелі өзі күрескен ол өшіре алмай қалып, ауылдық округ әкімдігіне жүгіріп келген.
«Әкімдік қызметкерлерінен көмек сұрағанында олар өрт сөндірушілерге хабарласу қажеттігін айтады. Бұған ашуланған адам боқтай жөнеліп, айқай шығарған. Көп ұзамай сол жерге полиция қызметкерлері келіп жетіп, оған қатысты іс қозғады», - делінген сот үкімінде.
Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасаған ер адам он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.