ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына хабарласқан Алтай қаласының тұрғыны Жеңіс саябағында қаршадай баланың жалғыз жүргенін айтты. Тәртіп сақшылары сол жерге дереу келіп, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
«Полиция майоры Жанна Қасымжанова баланы әңгімеге тартып, атын, жасын сұрады. Белгілі болғандай, 4 жасар балақай анасы үй шаруасымен айналысып жатқан кезде қашып кеткен. Ол батутқа апармағаны үшін әкесіне ренжіп қалған екен», - делінген ақпаратта.
Баланың өзімен бірге алып жүрген кішкентай сөмкесінен әкесінің жеке куәлігі мен ұялы телефоны табылды. Осылайша, ата-анасының кім екені және тұрғылықты мекенжайы белгілі болды. Бірнеше минут ішінде полицейлер баланы ата-анасына жеткізді. Анасы ұлының аман-есен оралғанына қуанды.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде айыппұлын төлемеген 30 жүргізуші жаяу қалғанын хабарлаған едік.