ШҚО-да үйдің ішінде газ баллоны жарылып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында үйдегі газ баллоны жарылып, оқиға салдарынан бір адам зардап шекті, деп хабарлайы «ҚазАқпарат» ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 13 сәуір күні Бобровка ауылындағы Заречный көшесінде болған. Көршілер алдымен жарылысты естігенін, артынша өрт шыққанын айтады. Олар бірден өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалған. Үй иесі газ баллонын далаға шығарып үлгерген, дегенмен оның қолы мен бетінің біраз бөлігін күйік шалды. 1956 жылы туған ер адамға апаттық медицина орталығының  қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды толықтай тоқтатты. Өрт тиген аумақтың жалпы көлемі 150 шаршы метр. Оқиғаға өрт қауіпсіздік техникасын және газ баллонын пайдалану ережелерінің  сақталмауы себеп болған деген нұсқа қаралуда.

Тілсіз жауды ауыздықтауға  барлығы 3 техника бірлігі мен жеке құрамнан 12 өрт сөндіруші тартылды.