ШҚО-да үйқамақ тәртібін бұзған ер адам түрмеге қамалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында пробация қызметінің бақылауынан жасырынбақ болған азамат бас бостандығынан айырылды. Ол электронды білезігін шешіп, үйінен рұқсатсыз шығып кеткен.

Фото: Kazinform\ЖИ

Пробация қызметінің есебінде тұрған ер адам электронды бақылау құрылғысынан құтылмақ болған. Ол аяғындағы электронды білезікті шешіп, сот белгілеген аумақтан өз бетінше шығып кеткен. Алайда оның бұл әрекеті бақылау жүйесінен жасырын қалмады. Электронды құрылғы байланыс үзілгені және белгіленген аумақтан шыққаны туралы дабыл сигналын бірден инспекторларға жіберген.

Пробация қызметінің инспекторы дереу полицияның Жедел басқару орталығына хабар берді. Орталық операторлары қаладағы бейнебақылау камералары арқылы ер адамның қозғалыс бағытын анықтап, жүрген жерін тапқан. Нақты мекенжай инспекторларға беріліп, олар оқиға орнына жедел жетіп, құқық бұзушыны ұстады.

Осы әрекеті сотталған азаматтың бас бостандығынан айырылуына себеп болды. Сот белгілеген шектеулерді өрескел бұзғаны үшін оған қатысты материалдар сотта қаралды. Нәтижесінде сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Кейін ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жеткізілді.

– Цифрлық бақылау пробация қызметінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Бұл жағдайда жүйеден уақытылы түскен дабыл, Жедел басқару орталығымен бірлескен жұмыс және қызметкерлеріміздің жедел әрекеті құқық бұзушының жүрген жерін анықтап, оны ұстауға мүмкіндік берді. Пробация адамға қоғамнан оқшауланбай түзелуге мүмкіндік береді. Алайда бұл мүмкіндік заңда белгіленген барлық талаптарды сақтауды міндеттейді, – дейді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада пробация талаптарын бұзған тұрғын сот залынан қамауға алынғаны хабарланған.