ШҚО-да ұзаққа созылған талқылаулардан кейін мектеп асханаларының мәзірі бекітілді

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бірнеше айға созылған талқылаулардан кейін жаңа төрт апталық мектеп мәзірі бекітілді. 

Кәсіпкерлер, ата-аналар және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде құжат ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен бекітілді.
Жаңа мәзірді әзірлеу жұмыстары осы жаздан бері жүргізіліп келеді. Ата-аналар комитеттері мен кәсіпкерлер бұрынғы нұсқалардың кемшіліктерін айтып, мәзірді жаңартылған санитарлық талаптарға сәйкестендіруді сұраған.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ең күрделі мәселе - тұз, қант, сүт өнімдеріне қойылған жаңа нормаларды сақтау және маусымдық тамақтануды дұрыс теңестіру болған.

– Жаңа мәзір ҚР Денсаулық сақтау министрінің № ДСМ-302/2020 бұйрығындағы талаптарға толық сәйкес келеді. Онда ет, балық, көкөніс және сүт тағамдарының берілу жиілігі, жаңа жемістер мен көкөністер нормасы сақталған. Біз тағам мен сусын түрлерін балаларға пайдалы етуге қол жеткіздік. Мысалы, какаоны шаймен алмастыру сияқты түзетулер тағамның құнарлылығына әсер етпей, нормаларға сай келеді, - дейді басқарма мамандары.

Түскі ас энергетикалық құндылығы баланың жасына қарай тәуліктік қажеттіліктің 25-30%-ын жабатындай есептелген. Тұз бен қант мөлшері жаңа мектептің тамақтандыру стандартына толық сәйкестендірілген.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Айжан Жәңгірханованың айтуынша, ортақ шешімге келу барлық тараптардың бірлескен жұмысы арқылы мүмкін болды.

– Біз ондаған талқылау өткіздік. Ата-аналар мен бизнес өкілдерінің пікірлері әрдайым сәйкес келе бермеді. Бірақ бәрінің талаптарын ескеретін ортақ құжат әзірлей алдық, - дейді ол.

Кәсіпкерлердің тамақтандыру ассоциациясының төрағасы Марина Лаптева да мәзірдің бекітілуі мектеп асханаларының жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Бұрын талаптар өзгерген сайын технологиялық карталарды жиі түзетуге тура келетін. Енді қолымызда нақты, бекітілген құжат бар. Бұл сатып алуды жоспарлауға және балаларды толыққанды тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасайды, - дейді Марина Лаптева.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО мектептерінде оқушылар әлі күнге дейін ескі мәзір бойынша тамақтанатыны жайлы жазғанбыз.