ШҚО-да вагондардың рельстен шығуы салдарынан жолаушылар пойыздары 10 сағаттан астам уақытқа кешіктірілді
09:57, 27 Наурыз 2013
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше 14 сағат 30 минутта Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы «Семей-Алматы» теміржолының 763 шақырымында, №9 пикетте Шар-Семей бағытындағы №2804 жүк пойызының 10 вагоны рельстен шығып қалды (құрамында 56 бос вагондар болды). Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Рельстен 24-шіден 33-шіге дейінгі вагондар шығып қалды (оның 7 вагоны бір жақ бүйіріне аударылған). Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. 04 сағат 30 минутта жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, пойыздар қозғалысы қайта жанданды. «Семей-Қызылорда» бағытындағы №21 жолаушылар пойызы - 13 сағат 20 минутқа және «Палодар-Алматы» бағытындағы №31 жолаушылар пойызы - 11 сағат 55 минутқа кешікті. ТЖ зардаптарын жою кезінде Семей стансасынан қайта қалпына келтіруші пойыз іске қосылды.