ШҚО-да заңгер студенттер Мәскеу университетінде білім алуға мүмкіндік алды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында заңгер мамандығын меңгеріп жүрген студенттер Мәскеу қаласында білім алуға мүмкіндік алды. Бұл туралы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да өткен дөңгелек үстел барысында белгілі болған. Шара барысында Ресей және Шығыс Қазақстан мамандары екі мемлекет прокуратураларының азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлін талқылады, деп хабарлайды ақпарат орталығына сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» ХАА.

Ресей тарапынан Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің сот және прокурорлық-тергеу қызметін ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі Татьяна Отческая сөз сөйледі.

«Біздің университеттеріміз бірлескен жұмыс туралы меморандумға қол қойды. Өткен жылы біз Аманжолов атындағы ШҚМУ-де конференцияға қатыстық, ал биыл университет мені студенттер үшін Ресейдегі сот және прокурорлық-тергеу қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша дәріс оқуға шақырды. Бұл тақырыпта біз екі мемлекет заңнамаларының салыстырмалы талдауын жүргіздік. Біздің университеттеріміздің студенттері мен оқытушылары бір-бірімен тәжірибе алмасса, тамаша болатын еді», - дейді Татьяна Отческая.

«Біз тәжірибе алмасуға ниеттіміз. Сондықтан біздің студенттеріміз академиялық мобильділік бағдарламасымен Мәскеуге бару мүмкіндігін жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Татарстан Республикасымен ынтымақтастық орнатқымыз келеді», - деп қорытындылады әңгімені Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.