ШҚО-да заңсыз такси қызметін көрсеткен 20-дан астам адам анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 3 күн ішінде заңсыз такси қызметін көрсеткен 23 адам анықталды.

Фото: ШҚО Полиция департаменті

Өңір полицейлері «Тасымалдаушы» жедел алдын алу шарасы барысында жолаушы тасымалдаумен айналысатындарға қатысты тексеру жүргізді.

- Үш күн ішінде жол ережесін бұзудың 915 дерегі анықталып, 39 көлік мамандандырылған тұраққа қойылды. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда такси қызметін көрсету мақсатында мазасыздық тудырудың 44, заңсыз такси қызметін көрсетудің 23, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 24 фактісін анықтады, - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.

Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген 31, жолаушы, багаж және жүк тасымалдау ережелерін бұзған 17, техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін 89 автокөлік жүргізушісі жауапқа тартылды.

- Жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін өрескел құқықбұзушылықтардың да жолы кесілді. Атап айтқанда, 12 жүргізуші мас күйде көлік басқарса, қарсы бағытқа шығып кетудің 3 және көлік айдауға құқығы жоқ адамдардың рульге отыруының 3 жағдайы тіркелді, - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында жол ережесін бұзған той кортежінің жүргізушілері жазаланғаны хабарланған.