ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Браконьер» жедел-алдын алу шарасын жүргізуде. Ондағы мақсат – заңсыз аңшылықтың және балық аулаудың жолын кесу.
«Шара барысында полиция қызметкерлері Тарбағатай ауданының аумағындағы республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 29-шақырымында жүк көлігін тоқтатқан. Өскемен қаласының 58 жастағы тұрғыны тізгіндеген көлікте заңсыз ауланған 20 тоннаға жуық көксерке мен табан балық табылды. Осының салдарынан табиғатқа келтірілген жалпы шығын 116 миллион теңгеден асып отыр», - делінген ақпаратта.
Ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ол 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО тұрғынының көлігінен заңсыз ауланған 6 мыңнан астам тірі шаян табылғанын хабарлаған едік.