ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше «102» жедел арнасына Риддер қалалық аурухана медбикесінен 70 жастағы зейнеткердің дене жарақаттарымен травматология бөліміне жүгінгені туралы хабар түскен.
Оқиға орнына тез арада жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің айтуына қарағанда,14 қаңтар күні шамамен кешкі сағат 22:00-де үйіне бетперде киген белгісіз екі ер адам баса-көктеп кірген. Қартты ұрып-соққан олар 7000 теңгені алып, сол жерден із суытқан.
«Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 33 және 44 жастағы күдіктілерді ұстады. Екеуі де өз кінәларын мойындап отыр», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.