ШҚО-да зейнеткердің 3 млн теңгелік зергерлік бұйымдары қолды болды
15:36, 08 Қаңтар 2020
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қарақшы зейнеткердің үйінен 3 млн теңгенің зергерлік бұйымдарын қолды етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұры үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, жуынатын бөлменің пластик терезесін қысып ашу арқылы ішке енген. Солайша, зейнеткердің алтын бұйымдарын қолды етіп, 3 миллион теңгеге шығын келтірген.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні көп ұзамай анықтады.
«20 жастағы павлодарлық азамат Семейдегі автобекеттен ұсталды. Анықталғандай, ол Алматы қаласына қашып кетпек болған», – деп хабарлады Өскемен қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (ұрлық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Авторы: Талғатжан Мұхаметбекұлы