Бұдан былай Романовка ауылы - Жақсылық, Вторая Пятилетка - Жарбұлақ деп аталатын болды.
«Елдімекеннің байырғы тұрғындарының айтуынша, Романовка ауылының тарихи атауы Жақсылық екен. Ал Вторая Пятилетка ауылы жардың маңында орналасқан, ал төменде бұлақ ағып жатыр. Сондықтан, ауыл тұрғындары Жарбұлақ деген атау ұсынды. Бұл атау жағрапиялық орналасуы жағынан дөп келеді», - дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісова.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары Глубокое ауданындағы Фрунзе ауылдық округының атауын Тархан деп алмастыру туралы ұсыныс айтқан. Олардың өздері көп жылдан бері осы атауды қолданып жүрген көрінеді. «Тархан» түркі сөзі, «салық төлеуден босатылған адам» немесе «еркін адам», «әскери қолбасшы» деген сияқты мағыналарды білдіреді. Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында бұл ұсыныс та қолдау тапты.