Бұл туралы аудан әкімі Раджан Сейтқанов «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
«Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасымен ауданда туризмді дамытудың арнайы жоспары әзірленген. Оның ішінде жаңа жағажайлар салу да көзделген. Соңғы екі жылда Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Сарыбел, Новостройка ауылдарына баратын туристер саны біршама артты. Жергілікті кәсіпкерлер де туризмнің дамуына өз үлестерін қосып, сол жерлерге демалушыларға арналған 400-ге жуық үй салды», - дейді ол.
Биыл туристерге жайлы жағдай жасау мақсатында Сарыбел ауылдық округіне кіреберістегі 3 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Бұл үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 90 млн теңге бөлінген.
«Келесі жылы Новостройка ауылына кіреберістегі 3 шақырым жолды да жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы қазіргі уақытта аудан бойынша 5257 төсек-орынды қамтитын 1074 демалыс үйі бар», - дейді Раджан Сейтқанов.