ШҚО Полиция департаменті әйелдің өлтірілгенін растады. Қылмыс жасады деген күдікпен жасөспірім ұсталған. Сот оны қамауда ұстауға санкция берді.
Аталған факті бойынша Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша («Адам өлтіру») қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап жатыр. Солардың бірінде қылмыс жасөспірімдер арасында кең тараған «Көк кит» ойынымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылған. Кейбір жазбаларда жасөспірімге осы ойын арқылы адам өлтіру туралы тапсырма берілгені жазылған.
Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары растаған жоқ. Полиция тергеу мүддесіне байланысты қылмыстың мән-жайы мен ықтимал себептері туралы ақпарат жарияламады.
— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексі 201-бабының талаптары бойынша тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Бұған дейін Түркістанда әйелін пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынғаны туралы жазған болатынбыз.