ШҚО-да жасөспірімдер арасындағы қылмыс 45 пайызға өсті

Фото: ҚР ІІМ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасында қылмыс жасағандар саны күрт көбейген.

Жыл басынан бері өңір бойынша жасөспірімдер 64 қылмыс жасаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға өсіп отыр.

- Жасөспірімдердің қылмыс жасауының негізгі себептерінің бірі - ата-аналардың өз балаларының мінез-құлқын, іс-әрекетін жөнді бақыламауы. Кәмелеттік жасқа толмағандар заңбұзушылықтарды сабақтан тыс уақытта жасаған. Күндізгі уақытта - 49, түнде - 15, - деді ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Нұрлан Жарлығақов.

Жасөспірімдер арасындағы ең көп кездесетін құқық бұзушылық - төбелес кезінде түрлі дәрежедегі дене жарақатын келтіру.

Заң бұзған балалардың ішінде 27-сі толық емес отбасында тәрбиеленген. Құқық бұзушылық жасағандар түгел дерлік ер балалар, арасында тек бір ғана қыз бар.

Еске салсақ, осыған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселелерін көтеріп, оларға арнайы жаңа сақтандыру класын енгізуді және жұмыс берушілерді ынталандыруды ұсынған болатын.