ШҚО-да жайылымнан 33 жылқы ұрлаған төрт адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында полицейлер еркін жайылымнан 33 бас жылқы ұрлағандарды қолға түсірді.

Фото: ШҚО ПД видеодан скрин

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде өңір аумағында мал ұрлығымен айналысқан төрт күдіктіні ұстады. Тергеу барысында олардың еркін жайылымда жүрген 33 бас жылқыны ұрлағаны анықталды. Жәбірленуші келтірілген материалдық шығын 30 млн теңгеден асады.

Фото: ШҚО ПД видеодан скрин

- Қазір ұрланған мал табылып, заңды иесіне толықтай қайтарылды. Сондай-ақ тергеу барысында ұсталғандардың тағы бір қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды. Атап айтқанда, осы жылдың мамыр айында олар сол азаматтың 30 бас жылқысын ұрламақ болған. Алайда, қылмыстық әрекеттері дер кезінде байқалып, мал иесіне қайтарылған, - делінген ақпаратта. 

Бүгінде қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің облыс бойынша басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбылда бұрынғы қойшы 72 малды ұрлады деген күдікпен ұсталғаны хабарланған.