Құтқарушылардың мәліметінше, барлық жағдайда қайғылы оқиғаларға қауіпсіздік ережелерін бұзу, соның ішінде тыйым салынған және қауіпті жерлерде шомылу себеп болған.
Аптап ыстыққа байланысты құтқарушылар ресми жағажайларда ғана емес, су маңындағы жабдықталмаған демалыс орындарында да бақылауды күшейтті. Шомылу маусымы басталғалы облыста 1700-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді.
Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтардың арасында балаларды су маңында қараусыз қалдыру деректері де бар.
Құтқарушылар шағын көлемді кемелерді де жеке бақылауға алған. Маусым басталғалы оларды пайдалану ережелерін бұзған тағы 59 адамға қатысты әкімшілік шара қолданылды.
– Кеме жүргізушілері міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдалануы, жолаушылардың рұқсат етілген санынан асырмауы, ауа райын ескеруі және қажетті құжаттарын өзімен бірге алып жүруі тиіс. Алкогольдік масаң күйде суға шығуға тыйым салынады, – деп еске салды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Су айдындарын патрульдеу және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигация, байланыс және қажетті құтқару құралдарымен жабдықталған катерлерді пайдаланып жүр.
Профилактикалық рейдтер «Қауіпсіздікке бағыт» акциясы аясында да өткізіліп жатыр. Шомылу маусымының қалған кезеңінде құтқарушылар жазатайым оқиға қаупі жоғары жабдықталмаған «жабайы» жағажайларға ерекше назар аудармақ.
ШҚО ТЖД тұрғындарды тек арнайы жабдықталған және шомылуға рұқсат етілген жерлерді таңдауға, балаларды су маңында қараусыз қалдырмауға, жүзу құралдарында құтқару кеудешелерін пайдалануға және ауа райы бұзылған кезде суға шықпауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін шілде айының басынан бері Қазақстанның су айдындарында 600-ден астам заң бұзушылық анықталғаны хабарланған.