ШҚО-да жаз басталғалы бері саяжайларда 13 рет өрт шықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жаз басталғалы бері саяжайларда 13 рет өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, саяжайлардағы өрттің негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, пеш және электр құрылғыларын қолдану ережелерін бұзу, қоқысты өртеген кезде ғимараттардан нормативтік қашықтықты сақтамау.

«Облыс бойынша жаз басталғалы бері саяжайларда 13 рет өрт шықты. Соңғы өрт 26 маусымда Өскемен қаласындағы «Металлург-3» саяжай қауымдастығында болды. Қызыл жалынның жалпы ауданы – 25 шаршы метрді құрады. Көп ұзамай өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккен ешкім жоқ. Өрттің шығу себебі бойынша 2 нұсқа қарастырылуда, атап айтқанда отты абайсыз пайдалану және қасақана өртеу», - делінген ақпаратта.

Саяжайлардағы өрттерді кейде жетуі қиын жолдың салдарынан жылдам сөндіру мүмкін болмай жатады. Сондықтан тұрғындар барынша сақ болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтағаны дұрыс.