ШҚО-да жаз кезінде 400-ден астам балалар лагері жұмыс істейді
ШҚО білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін 418 лагерь жұмыс істейді.
Онда оқушылар тек демалып қана қоймай, тіл үйренуге де мүмкіндік алады.
«Балалар қала іргесіндегі және мектеп жанындағы лагерьлерге, әртүрлі бағыттағы мамандандырылған алаңдарға барып демалады. Дәстүр бойынша осындай демалыспен 1-4 сынып оқушылары қамтылады. Көптілді білім беруді дамыту бағдарламасы аясында мектеп жанындағы лагерьлердің бір бөлігінде тіл үйретеді. Яғни, балалар қазақ, ағылшын, орыс, неміс, француз тілдерін оқиды», - дейді басқарма басшысының орынбасары Динара Шаухина.
Оның айтуынша, биыл Шығыс Қазақстанда 92 434 оқушы жазғы лагерьге барады.
Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары лагерьмен 100 пайыз қамтылмақ.