ШҚО-да жер үйде болған өрттен екі әйел құтқарылды
«Ведомствоға 31 желтоқсанда сағат 08:04-те Шемонаиха қаласында Казахстанская көшесіндегі жер үй аумағында өрт шыққаны туралы хабарланды. Өрт сөндіру бөлімшесі келген кезде үй шатырының ағаш бөліктері мен дәліздер, жиһаз жанып жатқан», - деді департаменттің баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілердің бір тобы өртті сөндіруге кіріскен кезде, екінші топ терезе арқылы жанып жатқан тұрғын үйге кіріп, екі әйелді құтқарған.
«Өрт сөндірушілер 1939 және 1968 жылдары туған үй иелерін жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. 28-ӨСБ қарауыл бастығы Рустам Щербинин оттан 25 литрлік 1 газ баллонын шығарды», - деп түсіндірді ШҚО ТЖД-да.
72 шаршы метр аумаққа таралған жалын толығымен сөндірілді. Мамандар өрттің себебі ретінде жылыту пешін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы нұсқасын қарастыруда.
Автор: Руслан Шақабаев