ШҚО-да жиһаз цехы өртеніп кетті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Шемонаиха қаласында жиһаз цехы өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға сенбі күні болған. Урицкий көшесіндегі цехтан шыққан өрт 480 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен 2 сағат бойы арпалысып, жанындағы үй мен жиһаздарды аман алып қалған. 

«Өрттен зардап шеккен адам жоқ. Оны ауыздықтауға жеке құрамның 12 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылды. Апатқа абайсыздық пен техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болды деген болжам бар» делінген Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.