ШҚО-да жыл басынан бері 130-ға жуық заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Фото: polisia.kz

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жүргізген мониторинг нәтижесіне сәйкес, жыл басынан бері өңірде қалдықтарды заңсыз орналастырған 127 орын анықталған. Осы күнге дейін олардың екеуі толықтай жойылды. Қалған қоқыс үйінділері бойынша жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Заңсыз қоқыс үйінділері ең көп тіркелген аумақтар — Ұлан, Глубокое аудандары мен Өскемен, Алтай қалалары. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жеті лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— Бұдан бөлек, жыл басынан бері қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына сегіз жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Бүгінде өңірде жаңа заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ШҚО Экология департаментінен. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО кәсіпорындары экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 200 млн теңгеден астам айыппұл төлегені хабарланған.