Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында елді мекендер аумағын ретке келтіру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері тұрақты негізде қоқыс жиналған орындарды анықтап, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
— Бүгінде облыс аумағында 442 стихиялық қоқыс орны анықталып, оның 394-і жойылды. Ал жыл басынан бері полиция қызметкерлері қалдықтарды белгіленбеген жерлерге орналастырудың 140 фактісін анықтады. Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін 388 ұсыну жолданды. Оның 362-сі бойынша тиісті шаралар қабылданып, құрылыс және тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылды, — дейді полиция қызметкерлері.
ШҚО полиция департаменті абаттандыру талаптарының сақталуын бақылап, анықталған әрбір заң бұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
— Тазалық — әр адамның жауапкершілігінен басталады. Қоқысты белгіленбеген жерге тастамау — қоршаған ортаның тазалығы мен өңірдегі тәртіпті сақтауға қосылатын қарапайым әрі маңызды үлес, — деп үндеді тәртіп сақшылары.
Бұған дейін Алматы облысында заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау үшін ғарыштық мониторинг жүргізіліп жатқанын жаздық.