ШҚО-да жыл басынан бері тұтынушылардың 23,6 млн теңгесі қайтарылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биыл тұтынушылардың 23,6 млн теңгесі қайтарылды.

Коллаж: Kazinform / Canva

Өңірде тұрғындардан келіп түсетін шағымдар саны артып келеді. Бұл туралы ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен мәлім етті.

- Шығыс Қазақстан облысында тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштер саны көбейіп отыр. Ішкі сауда мәселелері мен азаматтардың шағымдарын қарайтын бөлімдерге 2025 жылы 1272 өтініш келіп түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 27,7 пайызға көп. Ал осы жылдың басынан бері 751 өтініш келіп түсті, - делінген ақпаратта.

Өтініштерді қарау нәтижесінде былтыр тұтынушыларға 43 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Ал 2024 жылы қайтарылған қаржы көлемі 27 млн теңгені құраған. Яғни, көрсеткіш 1 жарым еседен аса өсіп отыр.

2026 жылдың басынан бері қаралған өтініштерден кейін тұрғындарға 23,6 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылған.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодар облысында тұтынушылардың 32 млн теңгеден аса қаражаты қайтарылғаны хабарланған.