ШҚО-да жоғалып кеткен екі бала табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бір сағаттың ішінде жоғалған балаларды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 наурызда сағат 15:39-да Алтай ауданы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына екі баланың жоғалғаны туралы хабар түскен.

«Әйел адам сағат 12:00-де мектептен шыққан сегіз жастағы ұлының үйге оралмағанын, қазір қайда жүргені белгісіз екендігін айтты. Бұдан бөлек, тағы бір әйел 12.00 шамасында үйден сабаққа шыққан 10 жастағы ұлының мектепке келмегендігі туралы жеткізген. Аталған факті бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Алтай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, жоғалған балаларды іздеуге бағытталған. Жертөлелер, шатырлар, кәріз люктері, қараусыз қалған ғимараттар түгел тексерілді», - делінген хабарламада.

Соның нәтижесінде, бір сағат ішінде балалар үйден 5 шақырым жердегі Вторушка өзенінің маңынан табылды. Өзенге барып ойнаған олар жолда адасып кеткен.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары балаларды ата-аналарына тапсырды.