ШҚО-да жол апатынан 3 адам көз жұмды
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, 3 адам қаза болды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 24 қараша күні республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшагай» тасжолының 877-шақырымында, Тарбағатай ауданының аумағында болды. «Chevrolet Onix» жеңіл көлігі мен «Howo» маркалы жүк көлігі соқтығысқан.
— Жол апаты салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі мен 2 жолаушысы алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Осы ретте, полиция қызметкерлері жүргізушілерге жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда екі автобус соқтығысып қалғаныны туралы жазған болатынбыз.