ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жеңіл көлік пен КамАЗ соқтығысып, 6 адам, оның ішінде 2 бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Омбы-Майқапшағай-Тасбастау-Ақжар» тасжолының 33-шақырымында LADA автокөлігінің жүргізушісі ауа райының қолайсыздығын ескермей қарсы бағытқа шығып, КамАЗ көлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан LADA автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі мен бес жолаушы зардап шекті. Оның екеуі 2 және 5 жастағы балалар. Барлығы Зайсан аудандық орталық ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.