ШҚО-да жол апатынан әйел көз жұмып, екі баласы ауруханаға жеткізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында әйел жүргізуші жол апатынан қаза болып, оның екі баласы ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Мақаншы-Жалаңашкөл» тасжолымен келе жатқан Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік жыраға құлап кеткен. Салдарынан 45 жастағы жүргізуші әйел сол жерде мерт болды. Оның 7 және 12 жастағы екі баласы мен 62 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тексеріп болған соң олар үйлеріне жіберілді.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соның нәтижелері бойынша процедуралық шешім қабылданады», - деді ШҚО ДП бастығы Сағат Мәдиев.