ШҚО-да жол апатынан төрт адам көз жұмды

ЖАРМА АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствода мәлім еткендей, апат 15 мамырда сағат 19:20-да Омбы-Майқапшағай тасжолының 816 шақырымында, Семей қаласынан 50 шақырым жерде болған.

Жарма ауданының полиция қызметкерлері жаңбыр жауып, жол көрінбегендіктен Семейден шыққан Toyota Land Cruiser 100 көлігі мен Шар қаласынан келе жатқан ВАЗ 21015 маркалы көлігі соқтығысқандығын мәлім етті.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ 21015 көлігінің 31 жастағы жүргізушісі мен 3 жолаушысы, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірім оқиға орнында қаза болды», - деп атап өтті ШҚО ПД баспасөз қызметінен.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды. Toyota Land Cruiser 100 көлігінің 35 жастағы жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Орал Ерланұлы