ШҚО п олиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Айыппұл төле» жедел алдын алу шарасы 1-7 қыркүйек аралығында өткен.
Жеті күн ішінде мемлекет бюджетіне 10 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулыны орындамаған 40 адамның көлігі айып тұрағына қойылды.
Сонымен қатар 2000-нан астам жүргізушіге берешегін төлеу қажеттігі туралы ескерту жасалды.
«Мәселен, 7 қыркүйек күні тәртіп сақшылары Өскеменде 28 жастағы тұрғынның басқаруындағы «Subaru» маркалы көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде оның «Сергек» камераларына тіркелген 19 төленбеген айыппұлы бар екендігі анықталды. Қарыздың жалпы сомасы – 320 870 теңге. Барлық бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы (Жылдамдықты рұқсат етілген шектен асыру) бойынша жасалған. Борышкердің көлігі айыппұлдарды толық өтегенге дейін мамандандырылған тұраққа жеткізілді», - деді ШҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаров.