ШҚО-да жол қызметтерінің 45 басшысы жауапқа тартылды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері тәртіп сақшылары облыс көшелері мен жолдарындағы қауіпсіздікті бақылау үшін 400-ден астам тексеру жүргізді.
Соның нәтижелері бойынша жол қызметтерінің 45 басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде қала, ауылдық округ әкімдері, тұрғын-үй коммуналдық қызмет шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен мамандары, квазимемлекеттік сектор өкілдері, мердігерлік ұйымдардың заңды тұлғалары бар.
«Құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жолдардың қауіпті учаскелерінде жүргізушілерді ескертетін белгілердің орнатылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта Полиция департаментінің ұсынысымен Өскемен және Семейде 6 бағдаршам орнату жоспарланған. Сондай-ақ осы қалаларда 30-ға жуық оң жақ бұрылыс жасау бойынша құрылыс жұмыстары жалғасады», - делінген ақпаратта.