ШҚО-да жолда қалған автобустан 10-нан астам адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жолда қалған автобустан 10-нан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Тілеужан Лепесов мен Бекзат Мұхамеджанов патрульдеу кезінде жолда тұрған автобусты көрген. Салонда 15 адам, оның ішінде 5 бала және 15 ит болды.

«Анықталғандай, олар Семейден Алматы қаласына ит жарысқа қатысуға бара жатты. Алайда түнде иттерді тамақтандыратын уақыт келгенде салондағы жарық сөніп қалған. Бұған автобус регенераторының істен шыққаны себеп болды.

Жағдаймен танысқан полицейлер алдымен әйелдер мен балаларды эвакуациялау үшін ТЖД қызметкерлерін шақыруды ұсынған. Бірақ жүргізушілер өздері көлікті жөндей алатынын айтып, оларға уақыт беруді сұрады», - делінген ақпаратта.

Басқа көліктер қараңғы уақытта автобусты байқамай қалмауы үшін полиция қызметкерлері патрульдік көліктің арнайы жарық шамдарын қосты. Біраз уақыт өткен соң енді күтуге болмайтынын түсінген сақшылар азаматтар бір жерде түнеп шығуы үшін құтқарушылардан көмек сұраған.

«ТЖД қызметкерлері оқиға орнына 30 минут ішінде келіп жетті. Жаңаөзен ауылындағы санаторийлердің біріне орналастыру үшін 11 адамды эвакуациялады. Ал ұйықтауға арналған қаптарды алған төрт жолаушы автобустың ішінде иттермен бірге автоэлектршінің келуін күту үшін қалған. Келесі күні түске таман автобус жөнделіп, жүргізушілер мен спортшылар сапарларын жалғастырды», - делінген мәліметте.