ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар қар құрсауында қалған көлік жүргізушілеріне көмек көрсетуде.
«8 ақпан кешкі сағат 20.00-де «Күршім-Зайсан» тасжолында Аманат ауылынан 11 шақырымдай жерде 3 жолаушысы бар «Lexus-470» көлігі қарға батқан. Оқиға орнына бірден №30 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аттанды. Алайда олар жол жөнекей қар құрсауында қамалған «Subaru Forester» көлігін көрген. Құтқарушылар екі көлікті де шығарып, Күршім ауылына дейін жеткізді» деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сонымен қатар 9 ақпанда сағат 03.35-те «112» желісіне «Семей-Мақаншы» тасжолында келе жатқан екі автобус жүргізушісі хабарласып, көмек сұрады.
Анықталғандай, қоғамдық көліктер ауа райының қолайсыздығына байланысты Аягөз қаласында тоқтауға мәжбүр болған.
Осы ретте жергілікті атқарушы орган өкілдері 56 жолаушыны уақытша Аягөз спорт мектебіне орналастырды.