ШҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны 17,7 пайызға көбейді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биыл жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған адам саны 17,7 пайызға артты.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша биыл 72 428 адам ЖРВИ жұқтырған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 59 643 адамды құрады. Демек, науқастар саны 17,7 пайызға өсті. Ал тұмаудың зертханалық расталған жағдайларының саны үш есеге азайып отыр. Биыл - 9, былтыр - 3 адам тұмаумен ауырған.
- ЖРВИ және тұмаумен сырқаттану көрсеткіші қауіпті деңгейде емес. Инфекция жұқтырғандар санының артуына биылғы жылдың метеорологиялық жағдайларының ерекшеліктері себеп болды. Мәселен, күз бен қыстың салыстырмалы түрде жылы болуынан вирус қоршаған ортада ұзақ сақталады, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда ЖРВИ және тұмаумен ауырғандар саны бойынша Өскемен қаласы алдыңғы орында. Екінші орында Глубокое ауданы, үшінші орында Алтай қаласы тұр.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да шошқа тұмауын жұқтырғандар тіркелгені хабарланған.