ШҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған адам саны 200 мыңнан асып кетті.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде ЖРВИ жұқтырғандар саны күрт өскен. Осы жылдың басынан бері 200 803 адам инфекция жұқтырды. Ал тұмаудың зертханалық расталған 228 жағдайы тіркеліп отыр.

«Өткен жылғы сәйкес кезеңде облыс бойынша ЖРВИ жұқтырғандар саны - 122 151, тұмаумен ауырғандар саны – 43. Демек, ЖРВИ ауруы 1,74 есеге, тұмау 5,6 есеге өскен. Десе де аурушаңдық көрсеткіші ұзақ мерзімді статистика негізінде есептелген бақылау деңгейінен аспайды. Жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға шалдыққандар көбеюінің себебі - биылғы жылдың метеорологиялық жағдайларының ерекшеліктеріне байланысты. Атап айтқанда, қыс пен күздің жылы болуы, көктемнің ерте басталуы. Осындай кезде ауада вирус көп тарайды», - делінген ақпаратта.

Өскемен қаласы ЖРВИ жұқтырғандар саны бойынша көш бастап тұр, онда 113 804 (жалпы ауырғандар санының 59,9%-ы) адам ауырған. Одан кейінгі орында Глубокое ауданы (12%) Содан соң Риддер қаласы, Шемонаиха мен Алтай аудандарында вирус жұқтырғандар көп.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да ата-аналардың көбі баласына «В» гепатитіне вакцина салдырудан бас тартып жататындығы хабарланған