ШҚО-да жұқа мұзға түсіп кеткен 9 жасар бала құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында жұқа мұз астына түсіп кеткен 9 жасар баланы құтқарушылар аман алып қалды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Оқиға Алтай қаласындағы Курчатов көшесі маңындағы батпақты аумақта болған. 2017 жылы туған бала жұқа мұздың үстіне шығып, суға түсіп кеткен.

Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері баланы судан шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

– Құтқарушылар баланы судан шығарып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды. Алдын ала диагноз – дененің жалпы суықтауы. Бала ауруханаға жеткізілді. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, – делінген министрлік хабарламасында.

Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың су айдындары маңында ойнауына жол бермеуге шақырды.

Ведомство жұқа мұздың адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін еске салып, төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда Қылшақты өзенінде мұз астына түсіп кеткен баланы құтқарған Марат Зиядин «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталған еді.