ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына хабарласқан 21 жастағы жігіт танысы жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деп, 6 млн теңгеден астам ақша алғанын айтқан.
- Белгілі болғандай, жәбірленуші Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген танысымен қайта араласа бастаған. Әңгіме барысында ер адам өзінің Алматы қаласындағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтінін айтып, жүргізуші куәлігін алуға көмектесе алатынын жеткізген, - делінген ақпаратта.
Оның сөзіне сенген азамат алдымен келісілген соманы аударған. Кейін танысы әртүрлі себептер айтып, бірнеше рет қосымша ақша сұраған. Нәтижесінде жәбірленуші 6,6 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған.
- Ақшаның бір бөлігі белгісіз тұлғалардың есепшоттарына аударылған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында курьер интернет-алаяқтарға көмектесті деген күдікпен ұсталғаны хабарланған.