ШҚО-да жұртқа алдап несие алғызған әйел ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласында өзгелерге алдап несие алғызып, пайда таппақ болған әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Милана деген атпен алаяқтық жасаған қыздың үстінен 3 адам шағым түсірген. Ол өз құрбандарымен танысқан бойда әңгімеге тартып,  атына несие рәсімдеп, ақысына 100 мың теңге төлеп отырған. Ал несие қарызын кейін базадан өшіріп тастайтындықтан, төлем туралы талап болмайды деп сендірген. Оңай олжаға құныққан жандар алданғандарын несие төлеу туралы ескерту келгенде ғана біліп отырған.

«Криминалдық полиция қызметкерлері 26 жастағы жармалық әйелді ұстады. Тұрғындарға келген шығын көлемі 500 мың теңгеден асады. Қылмыстық кодекске сәйкес, «Аляқтық» бабы бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген облыстық ішкі істер департаменті таратқан мәліметте. 

Қазір күдіктінің осыған ұқсас басқа да істерге қатысы тексерілуде.