ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша 579 өрт болды. Оның 177-сі жер үйлерде тіркелді. Көп жағдайда отпен абайсыз әрекет ету салдарынан жалын шыққан.
«Дәл осы себеппен 234 өрт болды. Нақты айтқанда, балалардың сіріңкемен ойнауы, төсекте жатып темекі шегу, майшамды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан от тұтанды.
Темекі шегу кезіндегі абайсыздық - әлі күнге дейін адам өліміне әкелетін өрттің ең көп таралған себептерінің бірі. Көбінесе алкогольді ішімдік ішкен адам, темекі шегіп жатып ұйықтап кетеді. Соның салдарынан осындай қайғылы оқиғалар болып жатады, - делінген ақпаратта.
Көршісінің балконына түскен темекі тұқылы да адам өмірін қиып, қомақты материалдық залал келтіруі мүмкін. Сондықтан балконнан барлық жанатын материалдарды алып тастап, терезелерді жауып жүру қажет.
«Балалардың отпен ойнауы да аса қауіпті. Өрт шыққан көп оқиғада балалар ата-аналарының қарауынсыз қалған. Осының алдын алу үшін тек мектептер мен балабақшаларда ғана емес, үйлерде де оларға қауіпсіздік негіздері түсіндірілуі тиіс», - деп атап өтті ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.