Көлігін сәнді нөмірмен көркемдегісі келетіндердің саны жыл басынан бері 81 адамға жеткен.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, ең сұранысқа ие нөмірлер көшін 070 және 707 нөмірлері бастап тұр. Облыс бойынша 30 көлікте осы сандар белгіленген мемлекеттік нөмірлер жүр. Соның ішінде 3 көлік иесі сәнді сандарды сәнді әріптермен де әрлепті. 777, 077, 888 сандарымен әрленген нөмірге 21 адам тапсырыс берген. Ал 14 тұрғын көлігіне тағылатын нөмірдің біркелкі әріптермен рәсімделуін қалаған екен.
«Үш ай ішінде тіркеу-емтихан бөлімінің қызметкерлері сәнді сандармен әрленген 81 мемлекеттік тіркеу нөмірін сатқан. Бұл сатылымнан қазынаға 27,5 млн теңге кіріс түсті. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Ішкі істер министрлігі сәнді нөмірлер тізбесін кеңейткен болатын. Енді тұрғындар көлікті мемлекеттік тіркеу нөміріндегі сәнді сандармен қатар біркелкі әріптерге де тапсырыс бере алды, -дейді департамент өкілдері.