ШҚО-да жыл басынан бері кеден заңнамасын бұзудың 22 фактісі тіркелді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл кеден заңнамасын бұзудың 22 фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 36 кедендік тексеру жүргізілген.

Соның барысында кеден заңнамасын бұзудың 22 фактісі анықталды.

Нәтижесінде, 517 мың теңге айыппұл салынып, 800 мың теңге көлемінде қосымша кедендік төлем мен салық өндірілді.

Тауар декларациясы бойынша 31 кедендік тексеру жүргізіліп, 20 заңбұзушылық тіркеліп, 17 әкімшілік іс қозғалды.

«Сондай-ақ транзиттік декларация бойынша 5 тексеруде 3 заңбұзушылық анықталған. Тауарлардың жіктелуі мен кедендік құнының дұрыстығын бақылауды тауар шығарылғанға дейін де, кейін де кеден бекеттерінің мамандары жүзеге асырады. Басқарма қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді толық көлемде және заңнамада белгіленген мерзімде көрсетіп отыр», - дейді департаменттің тарифтік реттеу басқармасының басшысы Қазыбек Қойшынов.