ШҚО-да жыл басынан бері өрттен 13 бала құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жыл басынан бері өрттен 13 баланы аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың басынан бері департамент қызметкерлері өрттен 13 баланы және апаттық-құтқару жұмыстары кезінде 99 баланы құтқарып қалған. Көбінесе балалар пәтерлер мен үйлерде қамалып жатады, түрлі жерде қыстырылып қалады, қауіпті заттармен, сіріңкелермен ойнайды, талға өрмелеп шығып, ашық тұрған терезе алдына шығады, қауіпті тоғандардың жанында жүреді.

Мәселен, 4 қарашада сағат 00:42 шамасында Өскеменде құтқарушылар Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы пәтердің жуынатын бөлмесінде жабылып қалған балаға көмекке келді. Ата-анасы есікті өз бетінше аша алмаған. ТЖД қызметкерлері келген соң арнайы құралдардың көмегімен есіктің құлпын ашып, 2009 жылы туған баланы құтқарды.

«Балалар түрлі жағдайларға тап болып жатады. Кейде ата-анасы қауіп деңгейін дұрыс бағаламай түрлі жерде жалғыз қалдырып кетеді. Оларға дер кезінде көмектесуге тырысамыз», - дейді департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Айдос Нүсіпбаев.

Осы ретте, ШҚО ТЖД ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін әркез басты назарда ұстауды ескертеді. Ешбір жағдайда балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Олардың бос уақытын ойластырыңыз. Көшеде және үйде жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіріңіз.


Фото: news.myseldon.com