ШҚО-да жыл соңына дейін 317 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін 317 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің отырысында тұрғын үй құрылысы сөз болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, осы жылдың соңына дейін 317 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл - үш мыңға жуық пәтер.

«2023 жылы осы көрсеткішті сегіз мың шаршы метрге дейін арттыру жоспарлануда. Жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан коммерциялық тұрғын үйге де сұраныс бар. Бүгінде 64 үйге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Өскеменнің 22-ші шағын ауданында құрылыс жұмыстары үшін жер учаскелері ресімделуде», - деді ШҚО әкімі

«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша өңірде 126 үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан ауылдарында көпбалалы отбасылар үшін тағы 58 үйдің құрылысы жүргізілуде.