Өңірде жаздың ортасы аптап ыстықпен ғана емес, ылғал тапшылығымен де қатар келуі мүмкін. Синоптиктердің болжамына сәйкес, шілде айында Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданында құрғақшылық қалыптасуы ықтимал.
Қауіп тек дәстүрлі түрде қуаңшылық жиі байқалатын оңтүстік аумақтармен шектелмейді. Тәуекел аймағына Зайсан, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай және Үлкен Нарын аудандары кіріп отыр. Сондай-ақ Өскемен мен Шемонаиха маңында да жауын-шашын мөлшерінің аз болуы болжанып отыр.
Ауыл шаруашылығы үшін шілде айы маусымның ең маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Дәл осы уақытта егіннің негізгі өсу кезеңі жүріп, өнім қалыптасады. Сондықтан ылғалдың жетіспеуі егістік алқаптарының, жайылымдар мен шабындықтардың жағдайына елеулі әсер етуі мүмкін.
Дегенмен мамандар бұл болжамды нақты қалыптасқан жағдай ретінде қабылдамауға шақырады.
- Бұл алдын ала жасалған болжам. Ол жаңа метеорологиялық деректердің түсуіне қарай нақтыланып отырады, - деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК мамандары.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО ормандарында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланғаны хабарланған.