ШҚО-дағы Алтай қаласында бірнеше күннен бері қоқыс полигоны өртеніп жатыр

Фото: видеодан алынған скрин

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонындағы өрттің беті қайтпай жатқанына үш күн болды.

Коммуналдық қызметтер тәулік бойы өртпен күресіп жатыр. Қала әкімі Сергей Охременконың айтуынша, от ошағы 10 метрден астам тереңдікте орналасқандықтан, тікелей су шашу тиімсіз болып отыр.

- Біз оттегі баруын тоқтату үшін күл-қоқыс қалдықтарын төгу әдісін қолданып жатырмыз. Жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. 6 техника мен 10-нан астам адам жұмылдырылған. Жағдай бақылауда. Өртпен өз күшімізбен күресіп жатырмыз, ТЖД күштері тартылған жоқ, - деді ол.

Алайда қала тұрғындары ауадағы түтін мен күйік иісінің тіпті үйлердің ішіне дейін сезіліп жатқанын айтып, дабыл қақты.

- Терезе ашу мүмкін емес, әсіресе кешке. Бұл балалардың денсаулығына әсер ете ме деп алаңдаймыз, - дейді жұрт.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда екі автокөлік өртеніп кеткенін жазған едік.